21 наурызда әлемде Халықаралық ормандар күні атап өтіледі. Бұл – ормандарды сақтау мен қалпына келтірудің маңыздылығын айқындайтын күн. Өйткені ормандар – адамзат өмірі тәуелді ең құнды табиғи ресурстардың бірі. Толығырақ...
Қазақстанда ормандар салыстырмалы түрде аз аумақты алып жатыр – елдің ормандылығы небәрі 5%-ды құрайды. Кейбір өңірлерде, мысалы, Ұлытау облысында, орман алқаптары жалпы аумақтың тек 0,1%-ын ғана қамтиды. Ормандарды қалпына келтіру мәселелерімен біздің Ботаника және фитоинтродукция институтының ғалымдары да зерттеу және мониторинг жүргізу арқылы айналысады. Мәселен, 2025 жылдан бастап мамандарымыз Ұлытау облысының флорасын BR23591088 «Өсімдіктер әлемі туралы» ҚР Заңын іске асыру аясында өңірдің ботаникалық ресурстарын тұрақты пайдалану мақсатында «Ұлытау облысының өсімдіктер кадастрын жасау» ғылыми-техникалық бағдарламасы шеңберінде зерттеп келеді.
Осындай зерттеулердің қалай және не үшін жүргізілетіні туралы 21 наурыз күні Ормандар күніне орай ұйымдастырылған Бас Ботаникалық бақтағы «Жасыл Рейнджер Клубы» кездесуінде дендрология зертханасының меңгерушісі Есжанова Айнұр Серікқызы баяндады. Сонымен қатар, сарапшы осы саладағы мәселелерді шешуде білім беру, ағарту жұмыстары және ғылыми негізделген тәсілдерді кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ол сондай-ақ ғалымдардың зерттеу нәтижелерін таратуға, Қазақстанда тұрақты көгалдандыру мен орманды қалпына келтіруді дамытуға бағытталған «GREEN SCIENCE KZ» жобасы туралы айтты. Жоба Ботаника және фитоинтродукция институты тарапынан Шеврон компаниясымен және «Ecoforming» экология және білім беру қоры» қоғамдық қорымен серіктестікте жүзеге асырылуда.
Ұлытау облысындағы жоба мысалында жүргізілген зерттеулер барысында өңірдің негізгі табиғи ағаш түрлері ретінде салбыраңқы қайың, Қызыл кітапқа енген қырғыз қайыңы және көктерек анықталды. Алайда олардың саны жыл сайын азайып келеді. Ұлытаудағы қайың-көктерек шоқ тоғайлары бірегей болып табылады және әлемде теңдесі жоқ табиғи кешендердің бірі саналады. Олар климатты жұмсартып, ылғалды сақтауға, аумақты шамадан тыс қызудан және желден қорғауға ықпал етеді. Сондықтан қайың мен көктеректі сақтау – өңірдің орман шаруашылығы үшін басым бағыттардың бірі.
«GREEN SCIENCE KZ» жобасын іске асыру аясында ботаник-ғалымдар жергілікті тұрғындарды қайың көшеттерін өсіруге тартуды жоспарлап отыр. Болашақта Жаңаарқа ауданының қызығушылық танытқан тұрғындары тұрақты түрде отырғызу материалын өсіріп, жеке питомник ашу мүмкіндігіне ие болады. Институт тарапынан ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіліп, осы жылдың мамыр айында жергілікті халық пен орман шаруашылығы қызметкерлеріне арналған шеберлік сабағы өткізіледі.
Ғылыми білімді, практикалық тәжірибені және қоғамның белсенді қатысуын біріктіре отырып, біз Қазақстанның бірегей табиғи экожүйелерін келешек ұрпақ үшін сақтап қала аламыз.