Бүгін Бас Ботаникалық бақ пен «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК үшін ерекше күн! Дәл осы күні 90 жыл бұрын, 1932 жылы 14 наурызда КСРО Ғылым академиясының Президиумы ботаника секторы мен зоология секторының құрамында КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасын ұйымдастыру және ботаникалық бақ құру туралы шешім қабылдады. Толығырақ…
1932 жылдың қарашасында ғалымдардың арнайы тобы өсімдіктер топтамаларын құруға негіз болған ағаштар мен бұталардың, сәндік көпжылдықтардың, көгалдардың және дәрілік өсімдіктердің бастапқы ассортиментін әзірлеуге кірісті. Сол кезде Іле Алатауының етегінде орналасқан аумақта мұнда сирек теректер көрінетін дала кеңістігі болды. Қазір ботаникалық бақта орналасқан жасыл алқаптардың барлығы ботаниктердің көп жылғы еңбегінің жемісі.
Осыдан 90 жыл бұрын Ботаника және фитоинтродукция институты 4 ботаникалық бақ, 9 ғылыми зертхана құрылатын ең ірі ғылыми ұйымға айналады деп ешкім ойламаған еді. Бүгінгі таңда ботаникалық бақтың аумағы 103,6 гектарды құрайды. Тірі өсімдіктердің коллекциялық қорларына 2,5 мыңнан астам таксон кіреді. Халықаралық индексі – АА болатын гербарий қорында 259 000 өсімдік сынамасы, 50 000 саңырауқұлақ және 8 000 қыналар сынамасы бар. Тұқым қорында тұқымның 970-ке жуық түрі бар, палеоботаникалық коллекцияларда 500 үлгі бар. 2006 жылы ботаникалық баққа республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілді.
2019-2020 жылдары жүргізілген қайта жөндеуден кейін Алматыдағы Бас ботаникалық бақ қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын өткізетін сүйікті орнына айналды. Өйткені, тек ботаникалық бақта ғана туған қалаңыздан шықпай-ақ ботаникалық алуантүрлілікпен танысуға бірегей мүмкіндік бар.
Ботаникалық бақ аумағында 1933 жылдың көктемінде жүргізілген алғашқы екпелерден бастап, біздің бақшамыз жаңа коллекциялармен байып, одан айырылып, оның көтерілуі мен құлдырауымен келе жатқан ұзақ жолды жүріп өтті. Бірақ ол әлеуметтік-экономикалық сипаттағы барлық қиындықтарға қарамастан аман қалды. Сол адамдардың жанқиярлық еңбегінің арқасында аман қалды, олар туралы біз осы мерейтойлық жыл бойы айтатын боламыщ. Біз ботаникалық бағымыздың тарихымен, қол жеткізген нәтижелерімен, ең бастысы, осы нәтижелерге қол жеткізген адамдардың арқасында мақтанамыз.
2022 жылы бізде Ботаника және фитоинтродукция институтының 90 жылдығына арналған түрлі іс-шаралар өтеді. Ал соңғы аккорд әлемдік ботаникалық қауымдастықтың өкілдері қатысатын «Еуразия флорасын зерттеу, сақтау және ұтымды пайдалану» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өткізілуі болмақ.
«Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК-ның барлық қызметкерлерін мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Ғылыми еңбектеріңізге табыс, өркендеу және алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспіз!