Біз Солтүстік партердегі батыс туя аллеясының жаңарту жұмыстарының аяқталғанын қуана хабарлаймыз. Толығырақ...
Бұған дейін уәде еткеніміздей, ескі әрі зиянкестермен зақымданған ағаштардың орнына жас көшеттер отырғызылды. Енді келушілер жаңарған жасыл аллеяның көркін тамашалай алады, және ол алдағы ұзақ жылдар бойы ботаникалық бақ қонақтарын қуантады деп сенеміз. Біз үшін өсімдіктердің геноқорын сақтап қалғанымыз ерекше маңызды, өйткені отырғызылған көшеттер бұрынғы аллея ағаштарының қалемшелерінен бақ питомнигінде өсірілді. Бұл оның генетикалық сабақтастығы мен дәстүрлі келбетін сақтауға мүмкіндік берді.
Ботаника және фитоинтродукция институты қызметкерлерінің үйлесімді еңбегінің арқасында барлық жұмыстар агротехникалық талаптарға сай оңтайлы мерзімде жүргізілді: топырақ дайындалып, суару және жас өсімдіктерге күтім қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта мамандар олардың бейімделуі мен әрі қарай дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды жалғастырады.
Аллеяны жаңарту – бақтың жасыл қорын сақтаудағы маңызды кезең болып табылады.
