City Nature Challenge — бұл жыл сайын өтетін жаһандық биоблиц, оның барысында әлемнің әртүрлі қалаларының тұрғындары жабайы өсімдіктерді, жануарларды, саңырауқұлақтарды және басқа да ағзаларды суретке түсіріп, тіркейді, осылайша қалалық биоалуантүрлілікті құжаттауға үлес қосады. Толығырақ...
City Nature Challenge ресми есебінде 2026 жылы Алматы (Алматы агломерациясы шегінде) мен Қарағанды үшінші рет қатысуда. Қазақстанның бірқатар басқа қалалары бейресми форматта өз күштерін сынап көреді.
«Қазақстан үшін бұл акция қалалық табиғат туралы деректер жинаумен қатар, экологиялық мәдениетті нығайтуға, тұрғындарды азаматтық ғылымға тартуға және биоалуантүрлілікті зерттеуге әрі сақтауға қызығушылық танытатын қауымдастық қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Төкбергенқызы Ситпаева.
«Алматы фаунасына кешенді зерттеулер ұзақ уақыт жүргізілген жоқ, ал қала ортасы айтарлықтай өзгерді, сондықтан жануарлар дүниесі туралы жаңа деректер өте маңызды. Мұндай байқау уақытша кесінді жасап, қалалық фаунаның динамикасын салыстырмалы түрде бағалауға мүмкіндік береді және қаладағы жабайы жануарлар үшін ең қолайлы орындарды анықтауға серпін береді. Бұл өз кезегінде қалалық фаунаны сақтау мен қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге негіз болады», — дейді Зоология институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Марина Чирикова.
Қатысу барлық ниет білдірушілер үшін ашық және арнайы дайындықты қажет етпейді. Ол үшін iNaturalist.org платформасында тіркеліп, мобильді қосымшаны (Android және Apple жүйелері үшін қолжетімді) жүктеу жеткілікті. 24–27 сәуір аралығында қалада және оның маңында жабайы өсімдіктерді, жануарларды және саңырауқұлақтарды фотоға түсіріп, 10 мамырға дейін платформaға жүктеу қажет.
2025 жылы Алматы қатысушылары 4 мыңнан астам фотобақылау жасады, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 24 түр бойынша 204 бақылау тіркелді. Биоблиц жыл сайын танымал бола түсуде: өткен жылмен салыстырғанда бақылаушылар саны 1/3-ке, ал тіркелген түрлер саны 13%-ға артты. Ең жиі тіркелген түрлер — қасқалдақ (кряква) және Островский қызғалдағы болды.
Алматыда акция әуесқойлардың бастамасымен Ботаника және фитоинтродукция институты мен Зоология институтының қолдауымен, сондай-ақ Табиғатты қорғау биологиясының ашық зертханасы, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК), Eurasian Wildlife and People және басқа да ұйымдармен серіктестікте өткізіледі.
«Алматы үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Біздің қала Іле-Алатауы ұлттық паркі, Алматы биосфералық резерваты, Көк-Жайлау шатқалы және басқа да табиғи құндылығы жоғары аумақтармен тікелей шектеседі. Бұл ірі мегаполиске жақын жерде бай әрі осал табиғи жүйелердің сақталғанын білдіреді. Қала тұрғындарының жаппай бақылаулары бізге қандай түрлердің жанымызда өмір сүретінін, олардың таралуы қалай өзгеріп жатқанын және қандай аумақтар ерекше қорғауды қажет ететінін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін де бұл маңызды, себебі елдің биоалуантүрлілігі урбанизация, ластану, мекен ету ортасының жойылуы сияқты факторлардың қысымына ұшырауда», — дейді Алматыдағы CNC үйлестірушісі, Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері Александр Дубынин.
Қосымша ақпарат:
Жоба 2016 жылы Лос-Анджелес пен Сан-Франциско қалалары арасындағы жарыс ретінде басталып, бүгінде California Academy of Sciences және Natural History Museum of Los Angeles County жетекшілігімен халықаралық бастама ретінде өткізіліп келеді. 2025 жылы акцияға 62 елден 669 қала қатысып, 3 310 131 бақылау, 73 765 түр және 102 945 қатысушы тіркелді. Бұл көрсеткіштер City Nature Challenge-тің азаматтық ғылым мен табиғатты бақылау саласындағы ең ірі халықаралық бастамалардың біріне айналғанын көрсетеді.
2025 жылғы CNC қатысушыларға ерекше әсер қалдырды: «Жақсы серуендедім» (Алимжан Нурмагамбетов), «Өте қызықты өтті!» (Елена Дякина, биология мұғалімі), «Көптеген қызықты өсімдіктер мен жануарларды тіркедім, алғаш рет Үлкен Алматы шатқалында Островский қызғалдағының суретін түсірдім» (Александр Кердяшкин, ботаник), «Бұл көктемнің ең мазмұнды төрт күні болды! Бақылауларды жинау мен өңдеу бойынша үлкен жұмыс атқарылды» (Елана Кудинова, бағбан, суретші, журналист).
«Бұл нағыз бәсекелік рухы бар қызықты шара болды! Қызықты түрлерді іздеу, күтпеген жаңалықтар өте пайдалы әрі танымды болды. Уақыт шектеуі фотосуреттерді тез арада өңдеп, жүктеуге итермеледі. Бұл нағыз марафонға ұқсады — “старт” берілгеннен кейін соңына дейін жетуге тырысасың. Тіпті көшбасшыларды қуып жету мүмкін емес екенін түсінсең де, қалған бақылауларды жүктей бересің, өйткені бұл деректер тек өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін де пайдалы болуы мүмкін», — дейді натуралист Елена Киричок.
2026 жылғы нәтижелер платформаның арнайы жобасында жарияланып отырады:
https://www.inaturalist.org/projects/city-nature-challenge-2026-big-almaty
Қосымша ақпарат үшін байланыс:
Александр Дубынин,
Алматыдағы City Nature Challenge үйлестірушісі,
adubynin@botsad.kz, w/а: +7 960 796 61 50.