Ұлытау облысы өсімдіктерінің тұқым Атласы

05 ноября 2026,

2013 жылы Ботаника және фитоинтродукция институтында Қазақстанның табиғи флорасының тұқым банкі құрылды, онда қазіргі уақытта жабайы өсетін 1638 түрге жататын шамамен 6600 тұқым үлгісі сақталуда.

Жинақталған бірегей тұқым коллекциясы өзінің негізгі мақсатымен қатар барлық мүдделі тараптар үшін ақпарат көзі де болуға тиіс. Осыған байланысты 2021 жылы біз Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша тұқым атластарының сериясын шығара бастадық. Алғашқы атлас — Алматы облысы өсімдіктерінің тұқым Атласы — 2023 жылы жарық көрді. Бүгінгі күні «Ұлытау облысы өсімдіктерінің тұқым Атласы» Ботаника және фитоинтродукция институтының «Өңірдің ботаникалық ресурстарын орнықты пайдалану үшін «Өсімдіктер әлемі туралы» ҚР Заңының міндеттерін іске асыру ретінде Ұлытау облысының өсімдіктер кадастрын құру» (2024-2026 жж.)» ғылыми-техникалық бағдарламасын бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында әзірленген екінші тұқым Атласын ұсынып отырмыз.

Бұл Атласта Ұлытау облысының аумағында өсетін өсімдіктердің тұқымдарын зерттеу және сипаттау бойынша кешенді жұмыстың нәтижелері ұсынылып отыр. Атласқа Ұлытау өңірі аумағында тұқымдары жиналған, 61 тұқымдастың  138 туысына жататын 205 түрдің жемістері мен тұқымдарының сыртқы морфологиялық құрылымының сипаттамалары және фотосуреттері енгізілген. Әрбір түр атауы үшін (латын, қазақ, орыс тілінде), тұқымдасы (үш тілде), тұқымдардың қысқаша ботаникалық-карпологиялық сипаттамасы (үш тілде) келтірілген. Атласта Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 10 түрі көрсетілген, олар * белгісімен белгіленген. Әр түрдің атауы «Қазақстан флорасы» (1956-1966 жж.) академиялық басылымына, Plants of the world Online (POWO) халықаралық деректер базасына сәйкес келтірілген және жоғарғы оң жақ бұрышта ** белгісімен белгіленген..

Ұсынылған сипаттамалар мен иллюстрациялық материалдар әртүрлі таксономиялық топтар тұқымдарының өзіне тән ерекшеліктерін айқындауға, олардың құрылысын салыстыруға және аса маңызды диагностикалық белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеулер мен коллекцияны толықтыру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Атластың келесі басылымын осы басылымға енбей қалған өсімдік түрлерінің жемістері мен тұқымдарының фотосуреттерімен және морфологиялық сипаттамаларымен толықтыру жоспарлануда. Осылайша, Атлас өңір флорасының тұқымдық алуан түрлілігін жүйелі түрде зерттеу мен сақтауды көрсететін, үнемі толықтырылып, дамып отыратын ғылыми-анықтамалық басылым ретінде қарастырылады. Атлас ғылыми анықтамалық, оқу құралы және өңірлік флораны зерттеу мен тұқымдарды анықтауға арналған практикалық нұсқаулық ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ол ғылыми қызметкерлерге, оқытушыларға, докторанттарға, магистранттарға, тиісті мамандықтар бойынша білім алатын студенттерге, Қазақстан Республикасының табиғат қорғау мекемелерінде жұмыс істейтін мамандарға, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдалануға ниетті тұлғаларға арналған.

Авторлар «Ұлытау облысы өсімдіктерінің тұқым атласы» өңірдің өсімдіктер алуандығын одан әрі зерттеуге үлес қосады, ботаникалық зерттеулер мен экологиялық білім берудің дамуына ықпал етеді, сондай-ақ Ұлытаудың табиғи мұрасына ұқыпты қарау қажеттілігіне назар аудартады деп үміттенеді. 

  

 

 

 

Жіберілімге жазылыңыз