2025 жылғы 20 қыркүйекте Ботаника және фитоинтродукция институты «Шымбұлақ» тау курортының Shymbulak Outdoor бөлімімен бірлесіп, Халықаралық туризм күніне орайластырылған «Табиғат күні» атты іс-шараны ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты — ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық және қауіпсіз туризмді дамытудағы маңыздылығын көрсету. Толығырақ...
Бас Ботаникалық бақ — бұл тек бірегей ғылыми кеңістік қана емес, сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық паркі, Медеу табиғи паркі және Алматы қорығымен қатар, Алматы қаласының маңызды туристік нысаны болып табылатын өңірдің табиғи байлығының ажырамас бөлігі.
Біз табиғатты сүйетін барлық жандарға нағыз мереке сыйлағаны үшін «Шымбұлақ» тау курортына алғысымызды білдіреміз. Осы күні Ботаникалық баққа келген қонақтар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өкілдері, экоактивистер мен ғалымдардың дәрістерін тыңдап, экологиялық шеберлік сабақтарына қатысып, «Іле-Алатау өсімдіктері мен жануарлары» атты фотокөрмені тамашалап, таудағы қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңестер алды.
Ботаника және фитоинтродукция институтының маркетинг бөлімінің басшысы Көспенбетова Б.К. ботаникалық бақтың қаладағы рөлі, оның тұрғындар мен қала қонақтары арасындағы танымалдығы, сондай-ақ бақ аумағында жүзеге асырылып жатқан барлық білім беру және мәдени-ағартушылық жобалар туралы айтып берді.
«Жасыл Рейнджер Клубының» еріктілері мен қатысушылары жәндіктерге арналған үйшік пен суаттар жасаудан шеберлік сабағын өткізіп, бақта әр сенбі сайын өтетін клубтық кездесулер туралы келушілерге әңгімелеп берді.
Іс-шара Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына Бас Ботаникалық бақ пен басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (ЕҚТА) тек ботаникалық ғылым мен экология үшін ғана емес, туризм үшін де маңызы зор екенін еске салды. Оларды сақтау мен дамыту — демалыс сапасына, табиғатпен етене жақын болу мүмкіндігіне және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға тікелей әсер етеді.
