Сиверс алма гүлінің фестивалі

22 апреля 2026,

21 сәуірде ботаникалық бақтың жабайы жеміс коллекциялық аймағына барғысы келетіндер үшін эксклюзивті экскурсия және дәріс өткізілді - бұл әдетте жұртшылық үшін жабық аймақ. Тек Сиверс алмасының гүлдеу фестивалі аясында ғана бұл жабық аумақ қонақтар үшін ашылып, олар Сиверс алмасының ақ және қызғылт гүлге бөленген әсем көрінісін тамашалай алды. Сонымен қатар, мәдени алма сорттарының басым бөлігінің арғы тегі болып саналатын Сиверс алмасының бірегей коллекциясымен танысуға мүмкіндік туды. Толығырақ...

Қонақтар алма бақтарында серуендеп қана қоймай, сонымен қатар академик А.Д.Жанғалиев атындағы жеміс өсімдіктері генофондын қорғау және интродукциялау зертханасының меңгерушісі Ғаухар Сейсенбекқызы Мұқанның Сиверс алмасы туралы дәрісін тыңдады.

Коллекциялық учаскесі 1970 жылы академик Аймақ Жанғалиұлы Жанғалиевтің жетекшілігімен құрылған. Дәл осы ғалым жабайы алма генофондының әлем үшін ерекше маңызы мен құндылығын дәлелдеген. Бүгінде 6 гектар аумақта табиғи таулы жеміс ормандарынан жиналған Сиверс алмасының 170 сорт-клоны (527 үлгі) өсіріледі.

Сиверс алмасының ерекшелігі неде?

1. Сиверс алмасы жабайы түрде тек Қазақстанда ғана орман массивтерін түзеді.

2. Ол Қазақстанның жеміс ормандарының байырғы өкілі болып табылады және меловой кезеңнің ортасынан бері осы аумақта өсіп келеді.

3. 2000 жылы 24 халықаралық зертханада 2500 қолдан өсірілген алма сорттарының ДНҚ құрылымы зерттеліп, олардың геномы Сиверс алмасының геномымен бірдей екені анықталды.

4. Сиверс алмасы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұл жабайы алма жойылу қаупіне ұшыраған, себебі 1956–1965 жылдары оның табиғи ормандарының ішіне мәдени бақтар отырғызыла бастаған. Сол кезде Еділ бойынан бірнеше мың «Апорт» алма сортының көшеттері әкелінген. Соның салдарынан Іле-Алатауындағы жабайы алма ормандарының 70–80%-ы, Жоңғар Алатауында 30–40%-ы жойылған.

Сондықтан Алматы қаласындағы Бас Ботаникалық бақтағы Сиверс алмасының коллекциялық генетикалық тірі қоры – еліміздің аса құнды ұлттық мұрасы және әлемдегі жабайы алманың клондарынан тұратын бірегей архив болып табылады.

         

Жіберілімге жазылыңыз