GREEN SCIENCE KZ Ұлытау

15 июля 2026,

Ұлытау облысы – Қазақстандағы орманмен ең аз қамтылған өңірлердің бірі. Ормандар облыс аумағының небәрі 0,1%-ын ғана алып жатыр. Сондықтан мұнда жасыл желекті көбейту мен биоалуантүрлілікті сақтау ерекше маңызға ие. Толығырақ...

Дәл осы бағытта бірнеше жылдан бері ҚР ЭТРМ ОШЖДК «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК ғалымдары BR23591088 «Өсімдік ресурстарын орнықты пайдалану үшін Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңының міндеттерін іске асыру мақсатында Ұлытау облысының Өсімдіктер кадастрын жасау» (2024–2026 жж.) мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді.

Ғалымдар өңірдің өсімдік ресурстарын зерттеп, көгалдандыру мен орманды қалпына келтіруге перспективалы түрлерді анықтауда, сондай-ақ жергілікті өсімдіктерді ығыстырып, табиғи экожүйелердің тепе-теңдігін бұзуы мүмкін инвазиялық өсімдік түрлерінің таралуын зерделеуде.

Алайда ғылымның басты құндылығы – оның нәтижелері адамдардың игілігіне қызмет ете бастағанда көрінеді.

Сондықтан «Шеврон» компаниясының қолдауымен ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге бағытталған GREEN SCIENCE KZ жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – табиғатты қалпына келтіру ісімен тікелей айналысатын орман шаруашылығы қызметкерлеріне, мамандарға, жергілікті тұрғындарға және жастарға ғылыми білім мен практикалық дағдыларды жеткізу.

Жоба аясында институт ғалымдары қайың, көктерек және жыңғыл өсіруге арналған әдістемелік құралдар әзірледі. Онда тұқым мен қалемшені дайындаудан бастап сапалы отырғызу материалын өсіруге дейінгі барлық практикалық ұсынымдар қамтылған. Бұл әдістемелік құралдар бүгінде оқыту семинарлары мен шеберлік сабақтарында кеңінен қолданылып келеді.

2026 жылғы 15 сәуірде Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында жергілікті тұрғындарға арналған практикалық шеберлік сабағы өтті. Қатысушылар орманды қалпына келтіруге арналған отырғызу материалын өсірудің заманауи технологияларымен танысып, қайың тұқымдарын, жыңғыл мен көктеректің қалемшелерін, сондай-ақ қажетті әдістемелік құралдарды алды.

Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – Ақтау ауылы мектебінің аумағында тәжірибелік алаң мен демонстрациялық питомниктің құрылуы болды.

Қазіргі уақытта мұнда көшеттер мен жас шыбықтарды өсіру жұмыстары жалғасуда, олардың өсуі тұрақты бақылауға алынып, Ұлытау облысының табиғи-климаттық жағдайларына сәйкес ең тиімді күтіп-баптау тәсілдері бағалануда. Барлық нәтижелер жүйелі түрде Институт ғалымдарына жолданып, ғылыми ұсынымдарды жетілдіруге және технологияларды жергілікті жағдайларға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Жобаның ерекше құндылығы – жергілікті тұрғындардың белсенді қатысуында. Ғалымдар мен халықтың бірлескен жұмысының арқасында білімге, жауапкершілікке және табиғатқа ұқыпты қарауға негізделген орманды қалпына келтірудің тұрақты жүйесі қалыптасуда.

Алдағы уақытта игерілген тәжірибе өңірде шағын жеке питомниктердің ашылуына негіз болып, оларды сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз етуге және өңірді көгалдандыру жұмыстарын одан әрі дамытуға ықпал етеді.

GREEN SCIENCE KZ – ғылымның, мемлекеттің және бизнестің әріптестігі ғылыми зерттеулерді нақты экологиялық шешімдерге айналдырып, Қазақстанның табиғи мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтауға үлес қоса алатынының жарқын үлгісі.

Жіберілімге жазылыңыз