2025 жылғы 18–29 қыркүйек аралығында Лион қаласында Францияның мамандандырылған өсімдіктер коллекцияларын сақтау жөніндегі қауымдастығының (CCVS) конференциясы өтті. Іс-шараға Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Ситпаева Г.Т. және Жанғалиев атындағы жемісті өсімдіктерді жерсіндіру және гендік қорды қорғау зертханасының меңгерушісі Муқан Г.С. қатысты. Конференцияның мақсаты – өсімдіктердің тірі коллекцияларын сақтау жөніндегі халықаралық күш-жігерді үйлестіру және дамыту мәселелерін талқылау. Толығырақ...
Конференция барысында сирек және мамандандырылған өсімдік коллекцияларын сақтау әдістеріне, түгендеу стандарттарын енгізу мен коллекцияларды жоғалудан қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер мен таныстырылымдар өткізілді.
Іссапар аясында делегация келесі маңызды нысандарда болды:
- Лоран Шатленнің питомнигі – мұнда өнімділікті арттыру, ауруларға төзімділікті күшейту және жеміс сапасын жақсарту мақсатында алма ағаштарын шпалерлік түрде қалыптастырудың озық әдістері зерттелді.
- Сидр өндіретін коммерциялық бақ пен кәсіпорын – ғалымдар өндіріс циклімен, шаруашылықтың ұйымдастырылуымен танысып, өнімдердің дәмін татып көрді.
- Париждің Бас ботаникалық бағы мен Багатель бағы – Режис Криснердің жетекшілігімен XIX ғасырдағы тарихи жылыжайлар мен өсімдік коллекциялары қарастырылды. Қала жағдайында жасыл желектерді сақтау және қалпына келтіру тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді.
- Люксембург шпалерлік жеміс бағы – ландшафтық дизайн мен шектеулі кеңістікті тиімді пайдалану тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады.
- Нормандиядағы Жан-Пьер Морбидің жеке коллекциясы – мұнда жемісті және сәндік ағаш-бұта түрлерінің бай ассортименті ұсынылған.
- Франклин Пикардың 24 гектарлық арборетумы – ағаш тұқымдас өсімдіктерге күтім жасау және ірі коллекциялық питомниктерді ұйымдастыру тәжірибесімен танысуға мүмкіндік берді.
Бұл ғылыми іссапар Ботаника және фитоинтродукция институтының Францияның жетекші ғылыми мекемелерімен ынтымақтастығын нығайтуда стратегиялық маңызға ие. CCVS іс-шараларына қатысу – өсімдік мұрасын сақтау мен дамыту саласындағы озық білім мен технологиялармен алмасуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және осы бағыттағы ұлттық саясатты қолдауға ықпал етеді.