BR23591088 «Қазақстан Республикасы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңының міндеттерін іске асыру аясында Ұлытау облысының өсімдіктер кадастрын жасау» ғылыми-техникалық бағдарламасын орындау шеңберінде 2026 жылғы 23 маусым мен 4 шілде аралығында микология және альгология зертханасының ғылыми қызметкерлері Ұлытау облысының аумағында (Жезқазған және Сәтбаев қалалары) далалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Толығырақ...
Экспедициялық зерттеулер барысында микро- және макромицеттер, балдырлар мен қыналар бойынша материалдар жиналды. Альгологтар Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Ырғайлы, Айыртау, Үлкенбұлақ, Есілбай, Серікбай, Сарысу (Қызылорда тасжолы бойында, Қаракеңгір өзенімен қосылатын жерде), Жезді (Жезқазған тасжолы бойында), Жыланды (Сәтбаев қаласының солтүстігінде) өзендерінен, сондай-ақ Қаракеңгір су қоймасынан және Ұлытау мен Тоғызбай көлдерінен сынамалар алды.
Микологтар 136 гербарий үлгісін жинады, оның ішінде 2 макромицет үлгісі, 129 микромицет үлгісі (тат, қаракүйе, қалталы, жетілмеген саңырауқұлақтар және жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер жапырақтарындағы әртүрлі дақ ауруларының қоздырғыштары), 5 қына үлгісі және жоғары сатыдағы өсімдіктердің 7 тұқым үлгісі бар.
Далалық зерттеулер барысында өсімдіктердің жекелеген түрлерінің фитопатогенді саңырауқұлақтармен жоғары дәрежеде зақымданғаны анықталды. Итмұрында тат ауруының жаппай таралуы байқалды, кермек жапырақтарынан ақ ұнтақ ауруы мен тат анықталды, қарағаннан Camarosporium туысына жататын пикнидиялық саңырауқұлақтар табылды, ал үшқат қалталы Lasiobotrys саңырауқұлағымен едәуір дәрежеде зақымданған.
Өңірдің әртүрлі су айдындарынан планктондық және субстратқа жабысып өсетін балдырлардың 45 сынамасы жиналды. Зерттелген су айдындарында хара балдырларының өкілдері анықталды. Сонымен қатар Сарысу өзенінен ғылыми тұрғыдан қызығушылық тудыратын цианобактерия түрі — Aphanothece stagnina (Spengel) A. Braun тіркелді.
Жиналған материалдар зертхананың коллекциялық қорларын толықтырып, Ұлытау облысының өсімдіктер кадастрын әзірлеу, биоалуантүрлілікті түгендеу, сондай-ақ өңірдің өсімдіктер дүниесінің қазіргі жай-күйін бағалау жұмыстарында пайдаланылатын болады.
