BR23591088 бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Өңірдің ботаникалық ресурстарын тұрақты пайдалану мақсатында ҚР “Өсімдіктер дүниесі туралы” Заңының міндеттерін жүзеге асыру ретінде Ұлытау облысының өсімдіктер кадастрын жасау» (2024–2026 жж.) атты бағдарлама бойынша 2025 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында Ботаника және фитоинтродукция институтының қызметкерлері Ұлытау облысына далалық экспедиция жүргізді. Толығырақ...
Экспедицияға қатысқандар: Веселова П.В. – жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы зертханасының меңгерушісі; Құдабаева Г.М. – жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы зертханасының жетекші ғылыми қызметкері; Нурашев С.Б. – альгология және микология зертханасының меңгерушісі; Саметова Э.С. – альгология және микология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері; Үсен С. – жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы зертханасының кіші ғылыми қызметкері; Маралов Д.И. – жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы зертханасының зертханашысы; Садықов А.А. – жүргізуші.
Экспедиция барысында келесі жұмыстар атқарылды:
- Өңірдегі негізгі өсімдіктер жамылғысы типтері (далалық, шөлді, шалғынды және таулы қауымдастықтар) бойынша гербарий материалдары жиналды. Барлық үлгілер таңбаланып, кептіріліп, анықтауға дайындалды.
- Түрлі су айдындары мен ылғалды биотоптардан балдыр флорасының үлгілері жиналды. Сынамалар бекітіліп, зертханалық талдауға жіберілді.
- Зерттелген учаскелерде өсімдік қауымдастықтарының геоботаникалық сипаттамасы жасалды, басым түрлері, құрылымы және жамылғының тығыздығы көрсетілді.
- Өсімдіктер жамылғысының тозу белгілері мен антропогендік әсер көрініс тапқан учаскелер тіркелді.
- Зерттелген нүктелерге фотофиксация мен GPS-байланыс жүргізілді, бұл кейінгі картографиялық өңдеуге негіз болады.
Экспедиция нәтижесінде Ұлытау облысының флорасы мен өсімдік қауымдастықтарының қазіргі жағдайын көрсететін мол материал жиналды. Алынған деректер BR23591088 бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру шеңберінде өңірлік Өсімдіктер кадастрын қалыптастыру мен биологиялық әртүрлілікті бағалау үшін пайдаланылатын болады.