Ұлытау аймағындағы GREEN SCIENCE KZ жобасы

17 апреля 2026,

2026 жылғы 15 сәуірде Жаңаарқа ауданының Ақтау кентінде жергілікті тұрғындарға арналған орманды қалпына келтіру мақсатында көшет отырғызу және өсіру бойынша шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны ҚР ЭТРМ ОШЖДК «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК GREEN SCIENCE KZ жобасы аясында «Шеврон» компаниясымен серіктестікте ұйымдастырды. Толығырақ...

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңір тұрғындарына Ұлытау облысының табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген және орманды қалпына келтіруге ұсынылатын отырғызу материалын өз бетінше өсіруге қажетті ғылыми білім мен практикалық дағдыларды беру.

Ботаника және фитоинтродукция институтының дендрология зертханасының меңгерушісі, жоба ғылыми жетекшісі және шеберлік сабағының ұйымдастырушысы Айнұр Серікқызы Есжанова құттықтау сөзінде мұндай іс-шаралардың Ұлытау облысы үшін ерекше өзекті екенін атап өтті. Өйткені бұл өңір Қазақстандағы орман жамылғысы ең аз аймақтардың бірі болып табылады, ормандылық деңгейі небәрі шамамен 0,1%-ды құрайды. Жергілікті тұрғындарды көшет өсіру процесіне тарту өңірдегі орманды қалпына келтіру мәселелерін шешудің тиімді әрі тұрақты тәсілі ретінде қарастырылады.

Іс-шара жергілікті тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Оған 60-тан астам адам қатысты – олардың қатарында мамандармен бірге қарапайым тұрғындар мен оқушылар да болды. Оқушылар алған білімдерін оқу процесінде пайдаланып, биология пәні аясында көшет өсіру жобаларын жүзеге асыра алады.

Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкерлері қысқаша теориялық бөлімнен кейін практикалық жұмыстарға ерекше назар аударды. Сарапшылар отырғызу материалын дайындаудан бастап көшеттерге күтім жасауға дейінгі барлық кезеңдерді көрнекі түрде көрсетті. Қатысушыларға әрі қарай өз бетінше өсіру үшін қайың тұқымдары, сондай-ақ көктерек пен жыңғылдың қалемшелері таратылды.

Сонымен қатар, осына, жыңғыл және қайың өсіру бойынша әдістемелік құралдар берілді. Бұл материалдар BR23591088 «Қазақстан Республикасының “Өсімдіктер дүниесі туралы” заңын іске асыру мақсатында Ұлытау облысының өсімдіктер кадастрын жасау және өңірдің ботаникалық ресурстарын тұрақты пайдалану» (2024–2026 жж.) ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүргізілген ғылыми зерттеулер мен көпжылдық интродукциялық сынақтардың негізінде дайындалған.

Ақтау ауылы мектебінің аумағында арнайы тәжірибелік алаң және демонстрациялық тұқымбақ ретінде жер бөлінді. Дәл осы жерде егу және отырғызу жұмыстары көрсетілді. Мектеп басшылығы Ботаника және фитоинтродукция институтының бастамасын қолдап, оны оқушылармен жүргізілетін білім беру жұмысының заңды жалғасы ретінде қабылдады.

Алдағы уақытта алынған дағдылар өңірде шағын жеке тұқымбақтар құруға негіз болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканың дамуына және орманды қалпына келтіру жұмыстары үшін сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Шеберлік сабағы GREEN SCIENCE KZ жобасының арқасында жүзеге асты. Жоба 2026 жылдың қаңтар айынан бастап Ботаника және фитоинтродукция институты мен «Шеврон» компаниясының бірлесуімен іске асырылып келеді. Ол ғылыми негізделген көгалдандыру қағидаттарын табиғи шешім ретінде ілгерілетуге бағытталған.

GREEN SCIENCE KZ жобасы білім беру және ағартушылық сипатқа ие. Оның мақсаты – ғылыми негізделген көгалдандыру қағидаттарын тарату және өсімдік ресурстарын тұрақты пайдалану тәсілдерін енгізу. Жоба аясында білім беру іс-шаралары Алматы, Орал қалаларында өтті, сондай-ақ Атырау қаласында өткізу жоспарланып отыр. Жобаның қорытынды іс-шарасы 2026 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтеді.

 

                           

Жіберілімге жазылыңыз