22–24 сәуір күндері Ботаника және фитоинтродукция институты Өңірлік экологиялық саммитке RES 2026 қатысты. Саммитті Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымы және бірқатар халықаралық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырды. Толығырақ...
RES 2026 саммитінің мақсаты — климаттық және экологиялық сын-қатерлер бойынша бірлескен әрі практикалық шешімдер әзірлеуге арналған ашық платформа қалыптастыру. Бұл платформа әртүрлі елдер мен өңірлерді, серіктестерді біріктіріп, Орталық Азия мысалында өңіраралық ынтымақтастықтың жаһандық күш-жігерді қалай күшейтетінін көрсетеді. Аталған сын-қатерлер экономикалық тұрақтылыққа, азық-түлік қауіпсіздігіне және әлеуметтік әл-ауқатқа тікелей әсер етеді, сондықтан тиімді экологиялық басқару мен тұрақты даму қағидаттарына негізделген үйлестірілген өңірлік шараларды талап етеді.
Саммитке өңірдің мемлекеттік органдарынан, халықаралық ұйымдардан, даму институттарынан, сарапшылар қауымдастығынан, бизнес пен азаматтық қоғамнан шамамен 1500 қатысушы жиналды. Біздің Институт атынан саммитке бас директор Ситпаева Гульнара Тоқбергенқызы, Өсімдіктер дүниесінің кадастры зертханасының меңгерушісі Осмонали Бектемір Бірімкулұлы және Астана ботаникалық бағының қызметкерлері қатысты.
Пленарлық отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелерді шешудегі бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті. Оның ішінде биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстары тапшылығы, жердің деградациясы, шөлейттену, шығарындыларды азайту және экологиялық жауапкершілікті дамыту мәселелері бар. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілгені ерекше айтылды.
Саммиттің негізгі бағыттарының бірі — табиғи ресурстарды тұрақты басқару болды. Бұл экожүйелерді сақтау мен су ресурстарын ұтымды пайдаланудан бастап, Арал теңізін және басқа да деградацияланған аумақтарды қалпына келтіруге, экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және табиғи мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтауға дейінгі кешенді шараларды қамтиды.
Бұл бағыттар Ботаника және фитоинтродукция институтының қызметімен толық үндеседі. Институт биоалуантүрлілікті сақтаумен, табиғи экожүйелерді зерттеу және қорғаумен, сондай-ақ Қазақстанның өсімдіктер дүниесін қорғау, сақтау, қалпына келтіру және тиімді пайдалану, тұрақты табиғат пайдалануға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асырумен айналысады.
Саммит өңірлік деңгейде диалог пен күш-жігерді біріктіруге арналған тиімді алаңға айналды. Ол мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық және бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етіп, негізгі экологиялық сын-қатерлер туралы хабардарлықты арттыруға және өңірдің тұрақты дамуы үшін нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік берді.
