Ботаника және фитоинтродукция институты «Шеврон» компаниясымен бірлесіп, қаланы көгалдандырудың заманауи тәсілдеріне арналған бірқатар іс-шараларды жалғастыруда. Толығырақ...
2026 жылғы 12 мамырда Атырау қаласындағы Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығында GREEN SCIENCE KZ жобасы аясында «Табиғи шешімдердің негізі ретінде ғылыми негізделген көгалдандыру» атты семинар өтті. Іс-шараны Ботаника және фитоинтродукция институты «Шеврон» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды. Семинар С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің қолдауымен өтті.
Семинарға қатысушыларды Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Ситпаева Гүлнара Токбергенқызы және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Қанбетов Асылбек Шахмұратұлы құттықтау сөзбен қарсы алды.
Көгалдандыру саласында қызмет ететін 30-дан астам маман Ботаника және фитоинтродукция институты сарапшыларынан тікелей білім алды. Семинарға Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО), «Ембімұнайгаз» АҚ-ның, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының, Baytaq партиясының Атырау өңірлік филиалының өкілдері және Мұнай және газ университетінің оқытушылары қатысты.
Баяндамалармен Ботаника және фитоинтродукция институтының дендрология зертханасының меңгерушісі Есжанова Айнұр Серікқызы, дендрология зертханасының аға ғылыми қызметкері Набиева Светлана Вячеславовна және ғылыми қызметкер Абдухадыр Айнагүл Николаевна сөз сөйледі. Ботаник-сарапшылар «Жасыл өсу жағдайындағы Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуы» атты мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарлама аясындағы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Бағдарлама шеңберінде Институт қызметкерлері бірнеше жыл бойы Атырау қаласын көгалдандыруда пайдаланылатын өсімдіктердің түрлік алуандығына кешенді зерттеу мен далалық бақылау жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Аридті климат жағдайында жасыл желектерді отырғызу және күтіп-баптау бойынша тәжірибеге бағытталған ұсынымдар», «Атырау, Ақтау, Ақтөбе және Орал қалаларын көгалдандыруға ұсынылатын ағаш өсімдіктерінің ғылыми негізделген ассортименті» атты әдістемелік құралдар жарық көрді.
Бұл материалдар каталогтар түрінде таныстырылды. Олардың құндылығы — барлық ұсынымдар өңірдің негізгі табиғи-климаттық ерекшеліктерін, атап айтқанда топырақтың тұздануын, ылғал тапшылығын және жоғары антропогендік жүктемені ескере отырып әзірленген. Ұсынымдарды көгалдандыру саласына қатысы бар барлық тараптар — уәкілетті органдардан бастап мердігер ұйымдарға дейін пайдалана алады.
Атырау қаласын көгалдандыруда әрі қарай қолдану үшін ботаниктер 157 таксонды ұсынды. Бұл Батыс Қазақстанның күрт континенттік қатал климат жағдайындағы қалалар арасындағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады. Ұсынылған түрлердің қатарында 37 жапырақты ағаш, 42 бұта және 7 қылқанжапырақты бұта бар.
Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі — «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК мен С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті арасында Меморандумға қол қойылуы болды.
Семинар GREEN SCIENCE KZ жобасының аясында ұйымдастырылды. Жоба 2026 жылдың қаңтар айынан бастап Ботаника және фитоинтродукция институты мен «Шеврон» компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты — табиғи шешім ретінде ғылыми негізделген көгалдандыру қағидаттарын ілгерілету.
GREEN SCIENCE KZ жобасы білім беру және экологиялық-ағартушылық бағытқа ие. Ол ғылыми негізделген көгалдандыру мен өсімдік ресурстарын тұрақты пайдалану қағидаттарын таратуға және енгізуге бағытталған. Жоба аясындағы білім беру іс-шаралары Алматы, Орал қалаларында және Ұлытау облысында өтті. Жобаның қорытынды іс-шарасын 2026 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өткізу жоспарлануда.
