Іле ботаникалық бағымен ынтымақтастық

13 июля 2023,

Іле ботаникалық бағы «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК үш филиалының бірі болып табылады. Іле ботаникалық бағының коллекциялық қоры үнемі Бас ботаникалық бақ өсімдіктерімен толығып, институт ғылыми қызметкерлері филиалдағы әріптестерімен тәжірибелерімен, білімдерімен бөлісуде. Толығырақ…

12 және 13 шілдеде «Алматы облысының флора және өсімдік ресурстарының қазіргі экологиялық жағдайын кадастрлық бағалау ресурстық әлеуетті тиімді басқарудың ғылыми негізі ретінде» бағдарламасы аясында Іле ботаникалық бағының қызметкерлері ғалымдарымыздың жұмысымен таныстыру және оқыту мақсатында Ботаника және фитоинтродукция институтына келді.

Өсімдік ресурстары зертханасының аға ғылыми қызметкері Арысбаева Рая Бижанқызы оларды дәрілік өсімдіктерді жинау алаңында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстырып, дәрілік өсімдіктерді күтіп-баптау және өсіру бойынша фенологиялық бақылаулар мен дала жұмыстарының қалай жүргізілетінін көрсетті. Іле ботаникалық бағының қызметкерлері зерттелетін түрлердің жер үсті және жер асты бөліктерінің тұқым сапасы мен шикізатының өнімділігін, егістіктің өнгіштігін анықтауды үйренді, дәрілік өсімдіктердің коллекцияларын толықтыру және жаңарту, тұқым жинау және түгендеуді, сонымен қатар агротехникалық жұмыстарды қалай дұрыс жүргізу керек екенің үйренді.

Гүл және сәндік өсімдіктерді интродукциялау зертханасының меңгерушісі Сатеков Ескендір Яковлевич сәндік өсімдіктер коллекцияларын қалыптастыру принциптері, әдістері және агротехнологиялары туралы айтты. Іле ботаникалық бағының жағдайында интродукциялау үшін 2023 жылдың қыркүйегінде көшірілетін коллекцияға құрғақшылыққа төзімді көпжылдықтар таңдалды. Гүл және сәндік өсімдіктер зертханасының ғылыми қызметіндегі маңызды сәт құжаттаманы жүргізу, зерттеулерді бекіту болып табылады. ІББ әріптестеріне жинақтарды құжаттау үшін бланкілер берілді.

                

Жіберілімге жазылыңыз