Ерекше қорғалатын аумақтардың қызметкерлерін оқыту

18 января 2026,

14–16 қаңтар аралығында Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында қызмет ететін 50 қызметкер тиімді коммуникациялар бойынша тренингке қатысты. Атап айтқанда, тренингке 14 ұлттық парктің, 10 қорықтың, 7 резерваттың, 2 мемлекеттік ботаникалық бақтың, «Охотзоопром» және «Қазавиавиаорманқорғау» кәсіпорындарының, сондай-ақ Топырақтану және агрохимия институты мен Зоология институтының өкілдері қатысты. Толығырақ...

Үш күн бойы қатысушылар жұртшылықпен коммуникация жасаудың заманауи құралдарын, бұқаралық ақпарат құралдарымен және әлеуметтік желілермен жұмыс істеуді, дағдарыстық коммуникациялардың негіздерін, сондай-ақ кәсіби қызметте AI-құралдарын қолдану мүмкіндіктерін зерделеді. Қатысушылар алған білімнің жоғары практикалық құндылығын және табиғатты қорғау мен орнықты даму саласындағы коммуникациялардың тиімділігін арттыру үшін өзектілігін атап өтті.

Тренингтің қорытынды күні қатысушылар үшін Бас Ботаникалық баққа, молекулалық генетика және өсімдіктер биотехнологиясы зертханасына, сондай-ақ Ботаника және фитоинтродукция институтының Тұқым банкіне экскурсия ұйымдастырылды.

Тренинг Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» тарапынан «GREEN SCIENCE KZ» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба Шеврон компаниясымен әріптестікте жүзеге асырылып, Қазақстанның ұлттық парктері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ биоалуантүрлілікті және климаттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған ғылыми негізделген, орнықты орманды қалпына келтіру тәжірибелерін енгізуге бағытталған.

Жоба 2026 жылғы қаңтардан қазан айына дейін жүзеге асырылады. Жоба аясында Атырау және Орал қалаларында, Ұлытау облысында білім беру және ағартушылық іс-шаралар, сондай-ақ Астана қаласында қорытынды іс-шара өткізу жоспарланған.

                       

Жіберілімге жазылыңыз