ЕҚТА қызметкерлеріне арналған визуалды сторителлинг және мобилография бойынша тренинг

19 ноября 2026,

Ботаника және фитоинтродукция институты мен «Экология және білім беру қоры EcoForming» қоғамдық қоры «Шеврон» компаниясымен әріптестікте жүзеге асырып жатқан GREEN SCIENCE KZ жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі — ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қаланы көгалдандыру саласындағы мамандар мен ормандарды қалпына келтіруге атсалыса алатын жергілікті қауымдастықтар үшін қолжетімді ету. Толығырақ...

Жобаның екінші кезеңіндегі алғашқы іс-шара Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының 59 маманы қатысқан визуалды сторителлинг және мобилография бойынша оқыту тренингі болды. Тренинг 2026 жылғы 3–17 қараша аралығында өтті. Қатысушылар қатарында 13 ұлттық парктің, 8 қорықтың, 6 резерваттың, екі мемлекеттік ботаникалық бақтың, сондай-ақ «Охотзоопром», «Қазорман» және «Жасыл Аймақ» кәсіпорындарының өкілдері болды. Оқытудың мақсаты — табиғат, биоалуантүрлілік, ЕҚТА қызметі және табиғи мұраны сақтаумен айналысатын адамдар туралы мазмұнды әрі қызықты фото және бейнематериалдар жасау дағдыларын дамыту.

Оқыту 3–15 қараша аралығындағы онлайн сабақтарды және 16–17 қараша күндері Алматыда өткен екі күндік практикалық қарқынды курсты қамтыды. Тренингті медиа мамандар Марат Садыков пен Гүлім Әмірханова, сондай-ақ National Geographic фотографы Ануш Бабаджанян жүргізді.

Тренинг барысында қатысушылар визуалды сторителлинг, мобильді фотосурет және бейнетүсірілім негіздерін меңгеріп, қызықты оқиғалар мен сюжеттер құрастыруды, композициямен, жарықпен және дыбыспен жұмыс істеуді, сондай-ақ сұхбат жүргізуді үйренді. Практикалық түсірілімдер Бас Ботаникалық бақ пен Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өтті. Оқыту барысында қатысушылар бейнематериал жасаудың барлық кезеңінен өтті: идея мен сценарий әзірлеуден бастап, түсірілім жүргізу мен Қазақстан табиғаты және оны сақтауға үлес қосып жүрген адамдар туралы дайын бейнероликтерді таныстыруға дейін.

Алынған білім мен дағдылар ЕҚТА мамандарына Қазақстанның табиғи байлығы туралы тиімдірек әңгімелеуге, жұртшылықты табиғатты қорғау қызметімен таныстыруға және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне назар аударуға көмектеседі.

Жіберілімге жазылыңыз