2025 жылғы 2 тамыз бен 14 тамыз аралығында Rijk Zwaan Breeding B.V. (Нидерланды) компаниясымен жасалған шарт аясында үшінші халықаралық қазақстандық-нидерланд экспедициясы өтті. Толығырақ...
Экспедицияның мақсаты – әлемдік генқорды байыту үшін Қазақстан флорасындағы мәдени өсімдіктердің жабайы туыстарының тұқымдарын жинау, сондай-ақ Ботаника және фитоинтродукция институтының Тұқым банкінің қорын толықтыру.
Rijk Zwaan Breeding B.V. компаниясы – климаттың өзгеруін ескере отырып, өсімдіктер ауруларына генетикалық төзімділігі бар перспективалы сұрыптарды шығаратын көкөніс дақылдарын селекциялау саласындағы жетекші компаниялардың бірі. Нидерландтық әріптестер үшін ерекше қызығушылық тудырғандар – Латук туысына жататын түрлер және олардың түр аралық будандары, сондай-ақ туыстас түрлер: жоңғар стефторамфусы, көгілдір цицербита және қызғылт цицербита.
Экспедицияға Ботаника және фитоинтродукция институты атынан Тұқым банкінің меңгерушісі, а-ш.ғ.к. Тансара Шаяхметқызы Мұрзатаева, ашық жерге арналған гүлді-декоративті өсімдіктерді интродукциялау зертханасының меңгерушісі Ескендір Яковлевич Сатеков қатысты. Нидерланд тарапынан Rijk Zwaan компаниясының қызметкерлері – селекционер Korstiaan Teekens және фитопатолог Jasper van Wijk қатысты.
Экспедиция маршруты Жамбыл облысының Меркі, Жамбыл, Жуалы, Тұрар Рысқұлов, Талас аудандарын, сондай-ақ Түркістан облысының Түлкібас, Сайрам, Төлеби аудандарын қамтыды. Тұқым жинау мақсатында экспедициялық топ Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне барды.
Тұқым банкіне 150-ден астам үлгі жиналды, олардың ішінде 6 түр Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сондай-ақ тұңғыш рет біздің Тұқым банкі үшін жиналған түрлер қатарына парсы қояншөп, ащы балдырған, кәдімгі бадам, Федченко пиязы және басқа да өсімдік түрлері енді.
Ботаника және фитоинтродукция институты тұқым жинау миссиясын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының басшылығы мен қызметкерлеріне — Жұманов С.Д., Сәлімұлы М., Бебенбетов С.К.; сондай-ақ Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі қызметкерлері — Жеңісбекұлы Г., Өмірзақова А.Т., Үсен Ғ., Тастанбеков Д.Б., Мейірбек М. алғыс білдіреді.