AA гербарий қорының цифрландырылуы – ботаникалық мұраны сақтауға бағытталған Қазақстан–Қытай бірлескен жобасы

07 июля 2026,

2025 жылғы 8 тамызда Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты мен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ботаника және фитоинтродукция институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Толығырақ...

Аталған құжат гербарий коллекцияларын цифрландыру, ботаникалық мұраны цифрлық форматта сақтау және аридті Азияның биоалуантүрлілігі туралы деректермен алмасуға арналған бірлескен платформаны қалыптастыру бағытындағы екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамытуға маңызды негіз болды.

Ботаника және фитоинтродукция институтының директоры Ситпаева Гульнара Токбергеновнаның бастамасымен Институт гербарийінің халықаралық AA индексіне ие коллекциялық қорындағы гербарий материалдарын цифрландыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұл келісім гербарийдің бірегей ғылыми ресурстарын тиімді пайдалануға, коллекциялық материалдарға қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан, Орталық Азия және Еуразияның аридті өңірлері флорасын зерттеу саласындағы халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталды.

Қол қойылған меморандум негізінде тараптар «Өсімдіктердің гербарий үлгілерін цифрландыру және аридті Азияның биоалуантүрлілігі туралы ақпарат алмасу платформасын құру» атты бірлескен жобаны жүзеге асырды. Жоба екі жылға жоспарланып, оны әрі қарай ұзарту мүмкіндігі қарастырылды. Жобаның негізгі мақсаты — гербарий коллекцияларын цифрлық форматта сақтау, таксономиялық және географиялық ақпаратты стандарттау, сондай-ақ ғылыми материалдарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін және халықаралық ғылыми өзара іс-қимылды кеңейтетін интеграцияланған деректер базасын қалыптастыру болды.

Жобаның үйлестірушілері ретінде Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты тарапынан профессор Ли Вэньцзюнь (Li Wenjun), ал Ботаника және фитоинтродукция институты тарапынан Өсімдіктер дүниесі кадастры зертханасының меңгерушісі, PhD Осмонали Бектемир бекітілді. Сонымен қатар, Ботаника және фитоинтродукция институты тарапынан жобаны орындауға келесі қызметкерлер қатысты: кіші ғылыми қызметкерлер Кенесбай А., Уразалина А., Ахатаева Д., Даулет К., Ахметжанова Р., Айтқазы А., Маралов Д. — лаборант; Турарова Е. — лаборант.

Гербарий коллекцияларын цифрландыру бойынша практикалық жұмыстар 2025 жылдың қазан айында басталып, 2026 жылдың сәуір айында аяқталды. Жұмыстар Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының Гербарий зертханасы қызметкерлері мен Ботаника және фитоинтродукция институтының Өсімдіктер дүниесі кадастры және жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы зертханасы қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылды.

Жоба барысында гербарий парақтарының жоғары айқындығы бар цифрлық түсірілімі жүргізілді, этикеткалық деректер қатар өңделіп, тексерілді және стандартталды. Сонымен бірге таксономиялық және географиялық ақпарат құрылымдалып, материалдар бірыңғай электрондық деректер базасына енгізуге және кейіннен аридті Азия биоалуантүрлілігі жөніндегі ақпараттық платформаға интеграциялауға дайындалды. Цифрлық бейнелердің сапасын бақылауға, метадеректер форматтарын біріздендіруге, географиялық мәліметтердің нақтылығына және цифрлық гербарийлердің халықаралық стандарттарын сақтауға ерекше көңіл бөлінді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 130 000 гербарий үлгісі цифрландырылды. Жобаның осы кезеңінің аяқталуы жұмыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мекемелер арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін және Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен ғылыми қызметтің елеулі ғылыми әлеуетін көрсетті.

Қалыстастырылған гербарий деректерінің цифрлық қоры коллекциялық материалдардың таксономиялық, флористикалық, геоботаникалық, экологиялық және биогеографиялық зерттеулер үшін қолжетімділігін едәуір кеңейтті. Жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан флорасы мен Орталық Азияның аридті өңірлері туралы мәліметтерді халықаралық ғылыми кеңістікке одан әрі интеграциялауға берік негіз қалап, еліміздің бірегей ботаникалық мұрасын сақтау мен насихаттауға маңызды үлес қосты.

         

Жіберілімге жазылыңыз