Отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз

29 августа 2024,

2024 жылдың 31 шілдесінде 73-ке қараған шағында асыл азамат, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, ботаника, экология және жерге орналастыру ғылымдары бойынша әйгілі ғалым Мирзадинов Рашид Абу-Аскарович өмірден озды. Толығырақ…

Р.А. Мирзадинов бар қажыр-қайратын ғылым мен білімді дамытуға жұмсады, өзінің идеалдары мен сеніміне адал болды. Еңбек жолын орта мектепті бітірген 1968 жылы бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастады.

1969 ж С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне түсті. Студент кезінен биология ғылымдарының кандидаты Н.Т Агееваның жетекшілігімен ғылыми жұмыстармен айналысты. 1974 ж университетті бітіріп, Қазгипрозем институтының Кешенді іздестіру бөліміне жолдама алды. 1974-1994 жылдар аралығында Кешенді іздестіру бөлімінің техник-геоботанигінен Техникалық бөлімнің басшысына дейінгі барлық саты бойынша өсті.

1986 жылы профессор Л.Я. Курочкинаның ғылыми жетекшілігімен биология ғылымдарының кандидаты, 1993 жылы биологогия ғылымдарының докторы диссертацияларын 03.00.16 – экология және 03.00.05 - ботаника мамандықтары бойынша қорғады.

1977-1980 жылдар аралығында КСРО АШМ Ливиядағы топырақ-экологиялық экспедициясының бас экологы қызметін атқарды. 1994-1997 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Физикалық география кафедрасының доценті, 1997-1998 жж. «Жер ресурстары мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының» Кешенді іздестіру бөлімінің бас геоботанигі, 1998-2001 жж. БҰҰ ДБ, ИНТАС халықаралық ұйымдар жобаларының координаторы қызметтерін атқарды.

2001-2005 жж. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің экология кафедрасының меңгерушісі, 2005-2015 жж. М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ТҚ және экология кафедрасының меңгушісі қызметін атқарды.

2008 жылы профессор ғылыми атағын алды. 2015-2018 жж Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, 2018 жылдан өмірден озғанша Тараз педагогикалық университетінің биология кафедрасының профессоры қызметін атқарды.

Профессор ретіндегі оқытушылық қызметі барысында бакалаврлар мен магистранттардан бөлек 5 ғылым кандидатын, 3 доктор PhD даярлады.

Р.А. Мирзадиновтың 250-ден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде 5 монография және Қазақстан жоғары оқу орындарына арналған 12 оқулығы жарыққа шықты.  

Профессор Р.А. Мирзадинов ЭТРМ ОШЖДК «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК-мен тығыз байланыста болды: институттың көптеген монографиялық шығармаларының рецензенті, біріккен жобаларының үйлестірушісі әрі кеңесшісі болды. Оның геоботаника және экология саласында жарыққа шыққан еңбектері мол, ашқан ғылыми жаңалықтары «Введение в геоботаническое прогнозирование» монографиясында жарияланған. Ол әрқашан белсенді позицияда болды, ақылдылығымен, жоғары кәсібилігімен, өмірге деген сүйіспеншілігімен және оптимизмімен ерекшеленді.

Ботаника және фитоинтродукция институтының ұжымы мен барлық шәкірттері профессор Мирзадинов Рашид Абу-Аскаровичтің қазасына байланысты бала-шағасы мен туған-туысына қайғыра көңіл айтады. Рашид Әбу-Асқаровичтің жарқын бейнесі әріптестерінің және шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

 

 

Жіберілімге жазылыңыз