2026 жылғы 25 тамызда Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лун Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Бас Ботаникалық баққа барды. Толығырақ...
Қонақты Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Токбергенқызы Ситпаева қарсы алып, ботаникалық бақ аумағында экскурсия жүргізді және оның ғылыми, табиғатты қорғау және ағартушылық қызметі туралы айтып берді.
Кездесу барысында өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтау, ғылым және білім беру салаларындағы Қазақстан-Сингапур ынтымақтастығына ерекше назар аударылды.
Екі елдің мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасқан тарихы бар. 2022 жылғы қазанда Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Г.Т. Ситпаева ғылым және білім беру салаларында екіжақты байланыстар орнату, сондай-ақ өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтау бағытында Сингапурдың ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтастықты дамыту мақсатында Сингапур Республикасына барды. 2023 жылғы 2 мамырда Ботаника және фитоинтродукция институты мен Сингапурдың Ұлттық саябақтар кеңесі (National Parks Board, NParks) арасында өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сингапурдың ботаникалық бақтары осы ұйымның құрамына кіреді.
Ынтымақтастық бүгінде де жалғасуда. 2026 жылғы 13–15 сәуірде Г.Т. Ситпаева және Институттың жетекші ғылыми қызметкерлері Сингапур Республикасында өткен Қоршаған орта туралы ғылым және климаттың өзгеруі жөніндегі 2-ші Дүниежүзілік конгреске қатысып, ғылыми баяндамалар жасады.
Аға министр Ли Сянь Лунның Бас Ботаникалық баққа сапары Қазақстан мен Сингапур арасындағы ғылыми және табиғатты қорғау салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.